Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы бойынша жиналған қаражатты қандай мақсатқа жұмсауға болатынын түсіндірді, — деп хабарлайды barysmedia.kz тілшісі.
Дәурен Темірбековтің айтуынша, жоба аясында алынған қаражатты жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуға пайдалануға болады.
«Заңнамалық түзетулер аясында (ақшаны. – Ред.) кадрларды даярлауға, жоғары білім ғана емес, орта арнаулы білім алуға да, колледжде оқуға да пайдалануға болады. Онда барлығы анық жазылған. Курс оқуға пайдаланылмайды. Ақшаны алып, қысқа мерзімді курстар үшін пайдалану мүмкін емес», — деді спикер.
Журналистер «Тұрмыс жағдайын жақсарту мүмкіндігін пайдалану үшін «Отбасы банкінен» шот ашуға тура келмей ме?» деп сұрады.
«Отбасы банкіне келсек, ол – екінші деңгейлі банктермен және Қазпоштамен қатар уәкілетті операторлардың бірі. Мұнда бәрі «Отбасы банкі» арқылы өтуі керек деген нәрсе жоқ. Әр 18 жасқа келген жасөспірім ерекшелікті және шот қай банкте ашылады, оны өзі таңдайды. «Отбасы банкінің» ерекшелігі тұрғын үй жинақ шоты болғаны және егер бала 18 жастан кейін бұл қаражатты одан әрі жинақтау қажет деп тапса, онда ол тұрғын үй жинақ шотын ашуға құқылы. Бірақ қаражатты шотқа салып, оны «Отбасы банкіне» беріңіз деген ешқандай шектеу қойылған жоқ», — деп түсіндірді Дәурен Темірбеков.







