Қарағандыдағы шахтада қаза тапқандар саны 45 адам болды, — деп хабарлайды barysmedia.kz тілшісі.
Апатты жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы, Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсті. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеріп шықты.
Апатты жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіріп жатыр. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталып, іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 шақырым қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізіліп жатыр.
«Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасып жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды», — делінген хабарламада.